Шымкент қаласының әкімі бюджет қаржысын уақытында игеруді тапсырды
18:09, 10 Желтоқсан 2019
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов бюджет қаржысын уақытында игеруді тапсырды. Қала әкімдігінде өткен аппараттық мәжілісте шаһар басшысы салалық басқарма жетекшілеріне осындай ескерту жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәжілісте ағымдағы жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды. Жиында қала басшысы жыл соңына дейін бюджет қаржысын толық игермеген басқарма басшылары тиісті жауапкершілікке тартылатынын айтты. Жұмысты ширатуды, биылғы кіріс жоспарының толық орындалуын қамтамасыз етуді ескертті. Сондай-ақ, 2019 жылғы бюджетте қаралған қаржыны 20 желтоқсанға дейін толық игеріп, түпкілікті нәтижеге қол жеткізу қажеттігін атап өтті. Жыл қорытындысымен бұл жұмыстар толық орындалмаған жағдайда бірінші басшыларға қатаң тәртіптік шара көрілетінін қадай айтты.