Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, мұндай тексерулерді Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданының Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы жүргізбек болған. «Басқарма өкілдері жылына тек бір рет тексеруге жататын және санитарлық-эпидемиологиялық тексеруді аса қажет етпейтін 20-дан астам кәсіпкерлік нысандарына тоқсан сайын тексеру жүргізу жөніндегі шараларды жоспарға енгізген. Шектен тыс тексеру шаралары прокурорлардың ықпал етуімен жоспардан алынып тасталды», - деді ресми өкіл.
Оның айтуынша, осы уақытта шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің де жағдайлары прокурорлардың жіті назарында. «Бүгінде еліміздің барлық аймағында заңсыз әрекеттер туралы хабар түсе қалған жағдайда жедел түрде жетіп, заңсыз әрекеттің алдын алумен айналысатын топтар жұмыс істейді. Жыл басынан бері осы жедел топтардың сенім телефондарына 260-тан астам кәсіпкер хабарласып, заңсыз әрекеттер жөнінде ақпарат берген. Олардың 150-і бойынша заңсыз әрекеттердің болғаны расталды», - деді Н.Сүйіндіков.