Шымкент маңында бұзылған автобустағы 34 өзбекстандық қонақ үйге орналастырылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – «Ташкент-Алматы» бағытындағы жолаушылар автобусы бұзылып, ондағы 34 Өзбекстан азаматына көмек көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ташкенттен Алматыға жолға шыққан автобус Шымкент қаласының маңындағы Бозарық айналма тасжолында бұзылып қалған. Оқиға орнына жедел жеткен Шымкент қаласы ТЖД қызметкерлері 34 жолаушыны қонақ үйге жеткізді.

«Шымкент қаласы ТЖД «112» құтқару қызметіне сағат 2:52 шамасында автобус жолаушыларына көмек қажеттігі туралы хабарлама келіп түсті. Жеке құрамнан 7 адам және 2 техника оқиға орнына барып, жолда қалған азаматтарға көмек көрсетті. Жолаушылар суық күнде далада қалдырмай көмек көрсеткен мамандарға алғыстарын айтты», - делінген Шымкент қаласы ТЖД қоғаммен байланыс тобы таратқан хабарламада.


Фото: Шымкент қалалық ТЖД