Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртудың алғашқы кезеңі аяқталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында жаңғыртудың алғашқы кезеңі аяқталды. Қазір, мұнда алып қондырғыны іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл шілде айында зауыттан жоғары октанды бензин мен дизель отыны шығарыла бастайды. Бұл туралы бүгін зауыт жұмысымен танысқан еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Министрдің айтуынша, жоғары октанды бензиндерді шығару жылына 460 мың тоннаға, дизель отыны 226 мың және авиаотынды өндіру жылына 27 мың тоннаға артатын болады. Бұған қоса, зауытта жаңғырту жобасының екінші кезеңі де жүргізілуде. Ол кезде зауыттың шикізат өңдеу қуатын жылына 5,25 млн. тоннадан 6 млн. тоннаға дейін арттыруға және шикізатты өңдеу тереңдігін жоғарылатуға мүмкіндік бар. Бұл - жанар жағармайдың көлемін арттырып қана қоймай, экологиялық таза өнім шығаруға мүмкіндік береді.

«Мен ойлаймын, осы маусым айында зауытта жаңғыртудың бірінші кезеңінің жұмыстары аяқталады. Сонда, биылдың өзінде 1 тонна мұнайдан бензин, дизель отыны, авиакерасин шығарылатын болады. Бірақ мазут пен газ азаяды. Сондықтан ол да өз тиімділігін, әсерін береді. Өйткені көбірек бензин шығарылса, біз өз бензинімізді өз нарығымызда сатып, ертең Ресейден сұрамайтын боламыз.

Қазірдің өзінде Ресейден АИ-92 бензинін алсақ, оның 30 пайызын біз қамтамасыз етіп отырмыз. Қалғанын Ресей зауыттарынан алып келеміз. Сондықтан егер осы жаңғырту мәселелерін қолға алып, биыл жалпы бітірсек, келесі жылда Ресейден бензин немесе дизель отынын алып келу қажеттілігі болмайды. Өйткені біз өз мұнайымыздан, яғни үш зауыттан бензин, авиакеросин, дизель отынын шығарып, ішкі нарықты қамтамасыз ететін боламыз»,-деді Қанат Бозымбаев.

 

Ресейден жанар-жағармайға деген тәуелділіктен құтыламыз деген министр сол кезде баға саясында ешқандай өзгеріс болмайтындығын атап өтті.

«Егер бағалар туралы айтатын болсақ, өзіміздің мұнайымыздан бензин, дизель отыны шығарылып, ішкі қажеттілікті 100 процент қамтамасыз етсек, әрине бағаға әсер ететін жақсы факторлар біздің жағымыздан көбірек болады. Онда олардың бағасын реттеу де жеңілдейді. Онда бізге қандай баға керек болады, сондай бағаларды әрине тиімділігін ойлап, жасайтын боламыз. Келесі жылдан бастап біз жаңғырту мәселелерінің бәрін бітірсек, бізде 2 млн тоннадан астам А-92 бензині шығарылатын болады және біз 2 млн тоннаны экспорттауды бастаймыз. Жалпы елді дизель отынымен де қамтамасыз ете аламыз, Орталық Азияны және Ауғанстанды қамтамасыз етеміз»,-деді Энергетика министрі.

Зауытты аралап шыққаннан кейін Қанат Бозымбаев жаңғырту жобасын тезірақ аяқтап, Қазақстан үшін жоғары класты автомобиль отынының қажетті көлемін алу үшін жұмыстарды қарқынды жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

Естеріңізге сала кетсек, 31 наурызда Шымкент мұнай өңдеу зауытында зауытты жаңғырту жобасының бірінші кезеңінің ірі технологиялық нысаны болып табылатын - шикізатты алдын ала гидротазалайтын блогы бар жеңіл бензин фракцияларын изомерлеу қондырғысында құрылыс-монтаждау жұмыстарының механикалық бөлігі аяқталғаны туралы актіге қол қойылған болатын.

Қазіргі уақытта, аталған нысанда іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр және ол жұмыстарды ағымдағы жылдың шілдесінде аяқтау жоспарланған. Нысан іске қосылғаннан кейін кепілді пайдалану көрсеткіштеріне қол жеткізіліп, 2017 жылы К4, К5 экологиялық кластағы (Евро-4, Евро-5 аналогы) жоғары октанды бензиндер мен дизель отыны алынатын болады және жоғары октанды бензиндерді өндіру жылына 460 мың тоннаға, дизель отынын өндіру жылына 226 мың тоннаға, авиаотынды өндіру жылына 27 мың тоннаға артатын болады.

Бұған қоса, Шымкент мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жобасының екінші кезеңінің аясындағы жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Жобаның екінші кезеңі зауыттың шикізат өңдеу қуатын жылына 5,25 млн. тоннадан 6 млн. тоннаға дейін арттыруға және шикізатты өңдеу тереңдігін жоғарылатуға бағытталған. Жобаның екінші кезеңі технологиялық тұрғыдан күрделі болып келеді және жоғары октанды моторлы отындарды алатын, қуаты жылына 2,0 млн. тонна мұнайды терең өңдейтін каталитикалық крекинг қондырғысы кешенін салуды қарастырады.

Жобаның екінші кезеңі аяқталғанда зауытта жоғары октанды бензиндерді өндіру жылына 2 270 мың тоннаға дейін, дизель отынын өндіру жылына 1 916 мың тоннаға дейін, авиаотынды өндіру жылына 400 мың тоннаға дейін, ал зауыт өнімдерінің ҚР нарығындағы үлесі 35%-ға дейін артатын болады.

Жалпы Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы бойынша 11 технологиялық қондырғыны және жалпы зауыт шаруашылығының 29 нысанын салу және реконструкциялау қарастырылған.

 

Жоба бойынша бас мердігер жұмыстарын мұнайгаз өнеркәсібі саласында инжинирингтік және құрылыс жұмыстарымен айналысатын ірі компаниялардың бірі - «СРЕСС» (China Petroleum Engineering & Construction Corporation) компаниясы орындауда.

Жұмыс сапарының нәтижесі бойынша энергетика министрі Қ. Бозымбаев Шымкент мұнай өңдеу зауытының басшылығына жаңғырту жобасы бойынша әрі қарай жүргізілетін жұмыстарға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.