Шымкент оқушылары түлектер кешінен бас тартып, балалар үйіне көмек көрсетті

Фото: None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі №75 мектептің 11-сынып оқушылары түлектер кешінен бас тартты.


Олар өзге құрдастары секілді көшеге шығып, қыдырудың орнына балалар үйіне қамқорлық жасағанды жөн көрді. Сөйтіп, Төлеби ауданындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Мектеп бітіруші түлектер соңғы қоңырау салтанатты шарасынан кейін автобуспен бірден әлеуметтік мекемеге барды. Сөйтіп орталықтағы жарымжан балаларға тегін концерттік бағдарлама қойды. Сондай-ақ өздерімен бірге алып келген сый-сияпаттарын табыс етті. Бұл игі шараны бастама ретінде бір оқушының ата-анасы көтеріпті. Ұсынысты түлектердің барлығы бір ауыздан қолдай кеткен.

Айта кетейік, қазіргі таңда №7 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 3-18 жас аралығындағы 150-ден астам тәрбиеленуші бар. Мұнда еліміздің барлық аймағынан тірек-қимыл жүйесі бұзылған балалар келіп, білім алады, ем қабылдайды.

Жалпы, күнгейде мұндай игі шара мектеп түлектері арасында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оның үстіне, жуырда ғана шаһар басшысы түлектерді соңғы қоңыраудан кейін көшеде көлікпен жарысып жүрулеріне тыйым салған болатын. 

Соңғы жаңалықтар