Шымкент орталығында үш жасар бала жоғалды

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент орталығында үш жасар бала жоғалып кетті.

Ол көп қабатты үй маңында жүрген. Бұл туралы Шымкент ІІБ-ға жергілікті тұрғындар хабарлаған. Бала үй алдында жалғыз жүрген. Оқиға орнына учаскелік инспектор Н. Ілесов жетті. Ол бала аулада ойнап жүріп, үйінен ұзап кеткенін анықтады. Қызметкер маңайды қарап жүріп, куәгерлерден жауап алып, баланың қайда жүргенін анықтады. Ер бала аман-есен әкесінің қолына табыс етілді. Әкесі баласының оралғаны үшін қатты қуанышты. «Бала көшеде әпкесімен ойнап жүрген екен. Қыздар бөлек ойнап кетіп, ол інісінен көз жазып қалған», - делінген ІІД баспасөз қызметінде.

Инспектор балаға абай болуға қатысты ата-анасымен әңгімелесті. Кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты қылмыстың орын алмауы үшін кішкентай балаларды қадағалап жүру қажеттігін ескертті. Ол ата-аналардың балаларына деген қамқорлығының артуы құқық бұзушылықтың алдын алатынына сенімді.

ОҚО ІІД бір ай бұрын полицейлер Тәуелсіздік саябағында жоғалған 5 жасар баланы тауып ата-анасына табыстаған. Анасы саябақта жүріп баласынан көз жазып қалғанын айтып полицияға жүгінген. Оны Ш. Қалдаяқов атындағы аллея маңында стационарлық күзет маңынан жол-патрулдік полициясының қызметкерлері тапқан. ОҚО полицейлері тұрғындарды бала өміріне сақтықпен қарап, абай болуға шақырды.