«Шымкент-шоудың» әртісі сатушыны ұрды деп айыпталуда

АСТАНА. 18 шілде. ҚазАқпарат - Астанадағы байланыс салонының сатушысы танымал қазақстандық шоумен, «Шымкент-шоу» театрының әртісі Берік Тұрсынбековті қол көтерді деп айыптауда, деп хабарлады КТК.

Айыптап отырған қыздың айтуынша, танымал әртіс тек қана қол көтерумен шектелмей, қандай да бір себепсіз оны балағаттаған.

Болған жағдайдың барлығын бейнекамера түсіріп алды. Телеарнаның құзіретіндегі бейнеде көрсетілгендей, бір ер адам байланыс салонына кіріп, қолымен сатушыны иығынан ұрып жіберген. Содан кейін екі рет қайтып оралып, өзінің «ренжігенін» айтумен болған.

Сатушының сөзіне сенсек, әртіс кешірім сұраудың орнына оған ешкімнің ештеңе істей алмайтындығын айтқан.

Полиция қызметкерлері әзірге бұл оқиғаға қатысты пікір беруден бас тартып отыр. Олардың берген мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі уақытта қосымша тексеру амалдары жүріп жатыр. Танымал әртіс те пікір беруден қашқақтауда.