Шымкент трансформатор зауыты өнімін экспортқа шығара бастады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі жоғары вольтты трансформатор мен ұштастырушы реактор шығаратын зауыт өз өнімін экспортқа шығара бастады. Орта Азияда теңдесі жоқ өндіріс орны бүгінде қуаты 110кВ - 500кВ кернеу диапазонындағы трансформаторларды алыс-жақын шетелдерге саудалап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Asia Trafo» ЖШС зауыты БАҚ өкілдері үшін арнайы пресс тур ұйымдастырып, зауыттың бүгінгі жұмысын кеңінен таныстырды. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының «Тассай» индустриялық аймағында 12 гектар аумақта орналасқан жоғары технологиялы зауыт Қазақстандағы электротехникалық жабдықтарды жетекші өндіруші «Alageum Electric» компаниясының құрамына кіріп отыр. Еліміздің электротехникалық саласын дамытуда зор маңызы бар кәсіпорын жабдықтары өзіндік бірегей технология бойынша жасалған. «Alageum Electric» компаниясы құрамына кіретін кәсіпорын жылына 120 трансформатор шығаруға қауқарлы. 500-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде жаңа кәсіпорын алғашқы тапсырыстарды қабылдап, ең ірі сатып алушы KEGOC электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компанияға 500 кВ ұштастырушы реакторларды жасауда. Кәсіпорын басшылары зауыттың алғашқы өнімін Шымкентке және Түркістан облысында орнатуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, кәсіпорынның құрылысы ҚР индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының (ИИДМБ) шеңберінде 2017 жылы басталған болатын. Жобаның жалпы құны шамамен 18,9 млрд теңгені құраған. Қазақстанның Даму Банкі арқылы зауытқа 8,7 млрд теңгеге жуық көлемдегі қаржы 12 жылға қарыз ретінде беріліп, Даму банкінің еншілес ұйымы ҚДБ-Лизинг те 5,9 млрд теңге сомасында қаржыландыру ұсынды. Мамандар зауыттың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі жоғары екенін алға тартады. Жобаның жоспарлы қуатқа шығуы кезінде кәсіпорыннан өңір және ел экономикасына 2 млрд теңгеге жуық салық түсімдері түседі деп күтілуде.

«Зауыт Кентау мен Оралдағы трансформатор зауыттары енетін, ТМД елдері мен Пәкістан, Ауғаныстан нарығына шығып жүрген «Alageum Electric» компаниясының құрамына кіреді. Өндіріс орны биылғы жылға 7 млрд теңгенің трансформаторын шығаруды жоспарлауда. Қазір кәсіпорын басшылығы ішкі нарықты зерттеп, еліміздегі алпауыт компаниялардан тапсырыстар қабылдап жатыр. Ресейге экспорттау жағы да жоспарлануда. Әзірге Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан тапсырыстар қабылданған. Жыл соңына дейін 30 трансформатор шығару көзделіп отыр»,- дейді Қазақстан Даму Банкінің Басқарушы директоры Әділ Исмағамбетов.