Шымкент тұрғын үйге кезек саны жағынан Астанадан ғана артта келеді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - ОҚО-да тұрғын үй кезегінде 43 мыңнан астам адам тұр, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

 Бүгін облыс әкімдігінде «Бәйтерек» АҚ басқармасының төрағасы Ерболат Досаевпен өңір активінің кездесуінде тұрғын үй құрылысы мен кезектің жылжуы бойынша жағдай сөз болды.

Ол өңірге президенттің тапсырмасы бойынша келді және тұрғын үй құрылысына баса назар аударды. «Қала үлкен құрылыс алаңына айналған», - деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев. Биыл өңірде 1017 пәтер берілді. Бұл өте аз. Тұрғын үй мәселесін шешу үшін жыл сайын 100-ге жуық  көп қабатты үй салынуы тиіс, деп санайды әкімдікте. «Қазір 243 тұрғын үй салынуда. Оның басым бөлігі мемлекеттік бағдарлама аясында. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында және «Шымкент-сити» аумағында 316 тоғыз қабатты үй тұрғызылуда, бұл да аз», - деді өңір басшысының бірінші орынбасары  Дархан  Сатыбалды.

Шымкентте «Бәйтерек» АҚ-ның да қатысуымен тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Биыл  36-сы салынды, 1572 отбасы үй алды. Бұдан басқа, жылдың аяғына дейін жалпы алаңы 93 мың шаршы метр 34 үйді пайдалануға беруді жоспарлауда. Кездесуде облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды Ерболат Досаевқа тұрғын үйге баға құнын Алматы мен елордадағы пәтер құнымен теңестіру жағын ойластыруды ұсынды. Бұл құрылыс компанияларына материал үнемдемей, жұмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ пәтер шаршы метрін де өзгерту ұсынысы жасалды, себебі ОҚО-да көп балалы отбасылар көп. Сонымен, өңірде жаңа құрылыс орташа 80 шаршы метрді, ал Қызылорда облысында 96 шаршы метрді құрайды. ЕрболатДосаев барлық ұсыныстарды  ойластыруға уәде берді.