Шымкент қаласында Наурыз мейрамын мерекелеудің үшінші күні - «Жайлау» аталып өтті.
Тәуелсіздік саябағында ұйымдастырылған іс-шарада гүлдер, жеміс және декоративті көшеттердің, саяжайға арналған ұрық пен тұқымдардың жәрмеңкесі және жеміс-жидектер мен дәнді дақылдардың, саяжайға арналған құрал-жабдықтардың сауда қатары ұйымдастырылды.
Мерекелік шара «Бәйшешек» сазды хореографиялық биімен басталып, «Қызғалдақ» биімен жалғасын тапты.
Шара барысында келушілерге Шымкент қаласының символы саналатын қызғалдақ гүлінің 400 данасы таратылды.
Бұл күні адамдар табиғат аясында серуен құрып қана қоймай, сонымен қатар ондағы қоқысты тазартып, тал егіп, көшет отырғызды.
Ал, ертең – Шымқала тарихи-мәдени кешенінде «Шежіре күні» аталып өтеді.