Шымкент тұрғыны халыққа тегін таратылуы тиіс дәрі-дәрмекті сатып келген
22:10, 05 Шілде 2020
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте айналымы шектелген дәрі-дәрмекті заңсыз сату фактісінің жолы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қажетті емдік дәрі-дәрмек тапшылығы жағдайында Қаржы мониторингі комитетінің экономикалық тергеу қызметі еліміздің аумағында дәрі-дәрмекті заңсыз сату фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша ауқымды жұмыс бастады.
Осылайша Шымкент қаласының экономикалық тергеу департаментіне тегін медициналық көмектің кепілденген көлемі шеңберінде берілетін дәрі-дәрмекті қолдан заңсыз сату фактісі туралы жедел ақпарат келіп түсті.
Шымкент қаласының тұрғыны рұқсат құжаты жоқ дәрі-дәрмекті заңсыз сатумен айналысқаны анықталды. Сонымен бірге, дәрілердің бір бөлігі медициналық мекемелер арқылы халыққа тегін берілуі тиіс еді.
Тегін медициналық көмек шеңберінде медициналық дәрі-дәрмекті жымқыру және оларды заңсыз сату фактісі бойынша іс қозғалды.