Шымкент тұрғыны түрлі халықтың ұлттық киімін киген жүзге жуық қуыршақ жиған (ФОТО)

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түрлі халықтың ұлттық киімін киген қуыршақтар Паулина Михайловна Бренердің пәтерін мұражайға айналдырды.

«Тәуелсіздігіміздің  25 жылында еліміз басты құндылық - халықтар достығын сақтап қалды.  Қазір тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында өзге халықтың мәдениетін бағалап қорғау маңызды екенін жастарға түсіндіруіміз қажет», - деді Паулина Бренер.

Қуыршақ коллекциясын жинау 12 жыл бұрын Арлекиноны сатып алудан басталды. Шетелге барып келген соң  Паулина Михайловна қуыршақтарды жинауға бекем бел буды. «Голландияға ұлыма алғаш рет барғанымда маған ұлттық киім киген қуыршақ сыйлады. Маған олардың ұнағаны соншалық, түрлі елдердің қуыршағын жинағым келді. Оларды ағам, кейін оқушыларым әкеле бастады», - деді коллекция иесі.

Паулина Бренер көп жылдар бойы Шымкент мектебінде орыс тілі және әдебиеті пәнінен сабақ берген.  Паулина Михайловна зейнет демалысына шыққаннан кейін де өзгелерге орыс тілін үйрету кәсібін тоқтатпады. Алғыс ретінде оқушылары әлемнің түкпір-түкпірінен қуыршақтар әкелген.  Әзірге Үндістанның қуыршағы ғана жоқ, дейді Паулина Бренер.

Паулина Бренер қуыршақтарын қонақтарына көрсетуді ұнатады. Алайда оны сыйламайды. Тек бір жолы ғана Еуропадағы таныстарына  қазақ халқының тарихымен таныстыру үшін ғана қазақтың ұлттық киімін киген қуыршақты сыйға тартқан.