Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын қайта құру үшін нақты жұмыстар басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Табиғи газ өндіру өткен жыл ішіндегі 6 пайыздық өсіммен 4 736 млн. текше метрге жетті. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «ҚазМұнайГаз» компаниясының басшысы Сауат Мыңбаевтың қатысуымен өткен брифингте мәлім болды.

«Алдын ала мәліметтерге қарағанда, 2014 жылы мұнай мен мұнай конденсатын өндірудің жинақталған көлемі ҚМГ компаниялар тобы бойынша 22 491 тоннаны құрады. Табиғи газ өндіру жыл ішіндегі 6 пайыздық өсіммен 4 736 млн. текше метрге жетті, былтырғы жылдың жоспарына қосымша 267 млн. текше метр өндірілді»,-делінген компания мәліметінде.

Мұнай өңдеу көлеміне тоқталатын болсақ, 2014 жылы жоспардағы 14 889 мың тоннаның орнына 14 911 мың тонна өндірілді. Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын қайта құру үшін нақты жұмыстар басталды. Атырау мұнай өңдеу зауытында ароматты көмірсутегі өндірісі бойынша кешенді құрылыс жүргізу жөніндегі жоба белсенді шешілу кезеңінде тұр. Сонымен қатар Маңғыстау облысында битум шығаратын зауыт жобалық қуатына жетті.