Шымкент зообағында жоғалған кесірткелер үсіп өлген болып шықты
Өткен жылы Қызыл кітапқа енген кесірткелер ашық аспан астына жасалған жаңа орынға көшірілген болатын. Жабайы табиғатқа ұқсас жерде өздігінен көбейіп кете ме деп үміттенген. Дер кезінде ас суын беріп, күтім жасағанын да айтады. Алайда кесірткелер үшін бұл жер керісінше қолайсыз болып шықты. Бұған дейін 6 кесірткенің бірі төбелесіп қалып, өліп қалған болатын. Екіншісін қашып бара жатқан жерінен әрең ұстап алған. Тағы үшеуі інінен шықпай қойған еді. Оларға қатысты жергілікті ветеринарлар қашып кеткен деп мәлімдеме жасаған болатын. Бірақ ол ақпарат расталмады. Зообақ қызметкерлері өлген үш кесіртке құмның арасынан тауып алды. Тек бір бауырымен жорғалаушы ғана қысты аман есен өткізіп отыр.
«Кесірткелер қыста қалың ұйқыға кеткен еді. Ол үшін ор қазып, құм төсеп қойғанбыз. Сол жерге кіріп, көктемге дейін ұйықтау керек болатын. Сыртына бақылау камерасы да қойылған. Алайда көктемде де, жазда да біз оларды таппай қалдық. Тек қана осы шілде айында жатқан жерлерін қазып көріп едік, мәйіттері шықты. Суықтан үсіп өлген болуы мүмкін деп болжап отырмыз. Арнайы сараптамалар қортындысы нақты неден өлгенін анықтайтын болады», - дейді зообақ қызметкері Райса Долгова.
Енді кесірткелер ашық аспан астына шығарылмайтын болды. Зообақ қызметкерлері осындай шешім қабылдаған. Олар бұл орынға басқа аңдарды орналастырамыз деп отыр.