Шымкентке қосылған елді мекендерге қоғамдық көлік қатынай бастайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһардың әкімшілік аумағына қосылған елді мекендерге қоғамдық көлік қатынай бастайтындығын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін қала басшысы С.Ерубаев атындағы 24-інші мектепте өткен Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясовтің жылдық есебіне қатысты.

Аудан әкімі жүзеге асқан жобалар мен оң өзгерістерге тоқталып, келешек жоспарларымен бөлісті. «Білімді ұрпақ - ұлт болашағы» екендігіне тоқталған ол, есепті кезеңде 320 орындық 1 мемлекеттік және 446 орындық 4 жекеменшік балабақша ашылғанын, бірқатар бөбекжайлар мен мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтып өтті.

Ғалымжан Ильясовтің баяндамасынан соң сұрақ-жауапқа кезек беріліп, тұрғындар көкейлеріндегі сауалдарын қойды, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Бірқатар азаматтар атқарылып жатқан игі істерге, ел үшін еңбек етіп жатқан аудан, қала басшыларына алғыстарын білдірді.

Тұрғындардың қаладағы қоғамдық көлік қызметі мен оның сапасына қатысты айтқан  өтінішіне қала әкімі Ғабидолла Әбдіраxымов биылғы жаз айында қосымша 240 автобус сатып алынатынын жеткізді. Сондай-ақ алдағы уақытта қалаға қосылған 40 елді мекенге 10 бағытта қоғамдық көлік қатынай бастайды,  жаңадан 100 автобус сатып алынады.

Әлия Бостан