Шымкентте 1 млрд. теңгеге жаңа көпір салынды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкентте Оңтүстік шағынауданы мен қала орталығын байланыстыратын көпірдің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат otyrar.kz-қа сілтеме жасап.

6 жолақты теміржол өткелінен автокөліктер емін-еркін жүре бастады. Көпірді қайта құру жұмыстары 2014 жылы басталған болатын. Енді осы өткел арқылы екі жыл бойы жаяу қатынаған шымкенттіктердің қуанышында шек жоқ. Жергілікті билік қалалықтар қиналмасын деп, 1 қыркүйек күні көпірдің бір бөлігін пайдалануға берген еді. Өйткені, қалаға келіп-кету тұрғындарға қиындық тудырған болатын. Екі ай өткеннен кейін көпірдің құрылысы толық аяқталып отыр.

Мердігер «Береке А» корпорациясы 1 млрд. теңгеден астам қаржыға ұзындығы - 500, ал ені 24 метрлік көпір салды. Кеңес дәуірінен күрделі жөндеу көрмеген ескі көпірдің ені бұрын 8 метр ғана болатын. Тар өткелден қозғалған көліктер жиі кептеліп, апаттар да орын алатын. Енді мұнда көліктерге де, жаяу жүргіншілерге де емін-еркін жүруге мүмкіндік бар. Құрылыс екі жылға жүргізілді. Оңтүстік шағынауданы тұрғындарынан бөлек, бұл жолдың ашылуын төлебиліктер де асыға күтті. Оларды да облыс орталығымен байланыстыратын ең ыңғайлы жол осы болып отыр.