Шымкентте 12 мыңнан астам ұстаз жаңартылған білім беру бағдарламасын меңгерген

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте 12 мыңнан астам ұстаз жаңартылған білім беру бағдарламасын меңгерген. Аталған бағдарламаға көшу бойынша қаладағы мектептердің 4,9,10-сынып оқушылары жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім алуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үшінші мегаполисте ұстаздарды іріктеудің ақпараттық жүйесі «Thunter.kz» жүйесі арқылы жүргізіледі. Себебі, аталған жүйе білім беру мекемелеріне педагогтарды қабылдау кезінде ашықтық, әділдік қағидаларын қамтамасыз етеді.

Аталған жүйе бойынша білім беру мекемелеріндегі бос орындар thunter.shymkent.gov.kz ресми сайтына жарияланып, құжат тапсырған үміткерлер комиссия отырысының әңгімелесу кезеңінен өткізіледі. Бұл комиссияға мекеме басшысы, білім басқармасы мен ата-аналар комитетінің, қоғамдық ұйымның өкілдері мен БАҚ салаының қызметкері электронды дауыс береді. Ең жоғары балл жинаған үміткер мекеме басшысына ұсынылады. Бүгінгі күнге дейін конкурстық жүйе бойынша 5 798 өтініш қабылданып, 2 801 конкурстық комиссиядан өткізілген. Ал, 1 720 маман жұмысқа қабылданған.