Аумағы 8 гектар жерді алып жатқан демалыс орны облыстық бюджет есебінен қайта қалпына келтіріліп отыр. Атап айтқанда, көгалды суару мәселесі шешіліп, травертинмен әрленген жаңа мәрмәр тақташалар бой көтерді. Сондай-ақ саябақтың кіреберісі, орындықтар жаңартылып, жасанды су қоймасының жағасы бекітілді. Ал жөндеу жұмысына «Қуат құрылыс» ЖШС-і 180 миллион теңгедей жұмсаған. Ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі бұл жұмыстардың барлығы халық игілігі үшін жасалып жатқанын атап өтті.
«Астана күні мерекесі қарсаңында Шымкент қаласында да үлкен шаралар өтуде. Сол айтулы шаралардың бірі сіздер үшін арнайы ашылып отырған саябақ. Қалалық әкімдік сіздерге жақсылап жөндеп беріп отыр. Сайрам қалаға қосылғалы бері тұрғындардың жағдайын жақсартуға арналған бірқатар жұмыстар жасалып жатыр. Мына саябақ соның бір көрінісі», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Айта кетейік, «Наурыз» саябағы 1991 жылы ашылып, осы уақытқа дейін мұнда бірде-бір рет жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.