Шымкентте 20 пәтер ұрлығының қатысы бар күдіктілер ұсталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Шымкентте полицейлер  пәтер ұрлықтары қылмыстарын ашты. Қолға түскен үш күдіктінің  облыс орталығы аумағында техникалық заттар мен басқа да бағалы заттарды ұрлауды кәсіп еткені анықталып отыр, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, Әл-Фараби аудандық полиция бөліміне ақпан айының  басында жәбірленушілердің бірі шағымданған. Ол өз арызында белгісіз біреулер теледидары мен ақшасын ұрлап кеткенін көрсеткен.  Осыдан кейін жедел-іздестіру шараларын жүргізу  барысында сезіктілер ұсталды. Тұлғаларын анықтау барысында  үшеуі де Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты.

Тергеу барысында  ұсталғандардың пәтер ұрлығының  20 жайтына қатысы бары екені анықталды. Осылайша жәбірлеушілерге екі миллион теңгеден астам шығын келтірген. Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.