Шымкентте 200-ден астам бала Президенттің жаңажылдық сыйлығын алды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында 221 бала ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңажылдық сыйлығы мен құттықтау хатын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов екі баланың отбасына арнайы барып, Мемлекет басшысының атынан келген жаңажылдық құттықтау хат пен сыйлықтарды табыстады.

«Жас дос! Сені Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Бұл мейрам өзіңе естен кетпес ерекше қуаныш әкелсін! Сенің болашағың жарқын, өйткені Тәуелсіз Қазақстанның перзентісің. Саған зор денсаулық, толағай табыс тілеймін! Сабағыңды жақсы оқып, әрдайым көздеген мақсатыңа жет! Достарың көп болсын! Аңсаған армандарың орындала берсін!», - делінген құттықтау хатта.

Балаларға Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы баяндалған «Самырұқ құсының сиқырлы қауырсыны» атты кітап пен тәттілер жиынтығы және ақшалай сертификат үлестірілді.

Сый-сыяпаттарға ие болған мегаполистің кішкентай тұрғындары Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыстары мен тілектерін жеткізді.

Қалған балаларға сыйлық өз мектептерінде тапсырылды. Мерекелік шара эпидемиологиялық-санитарлық талаптар ескеріле отырып ұйымдастырылды.

Айта кетейік, Президент сыйлығына ие болған балаларды әрбір мектеп жанынан құрылған қамқоршылық кеңес анықтаған.