Наурыз мерекесі қарсаңында өткен «ДәмДәсTour» тұңғыш ресторандар жәрмеңкесіне келуші қала тұрғындары мен қонақтарына тегін «Шымкент шайы» таратылды. Қаланың 2200 жылға жуық тарихы шеңберінде іске асқан шара – Қазақстан Рекордтар кітабына (Қазақстандық Ақпараттық-Энциклопедиялық анықтамалық) енгізу бойынша, гастрорекордқа ұсынылды. Шай, жалпы 2200 адамға таратылды.
Айта кетерлігі, ертеректе ресторан өкілдерімен өткен кездесулердің бірінде ресторан басшылығы мен қала тұрғындары тарапынан сусындар мәзірінде «Шымкент шайын» қолдану бойынша ұсыныс айтылған болатын. Бұл тұрғындар ұсынысын Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров қоғамдық тамақтану орындарына жеткізіп, олар бірауыздан қолдаған еді.
Жалпы, Шымкент қаласында алғаш рет ұйымдастырылған бұл шара – жергілікті қоғамдық тамақтану орындарының бәсекелестігін арттырып, сервистік қызметтің жандана түсуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мереке күндерінде немесе қалаға саяхаттаушы азаматтардың көптеп келуінде дәмді тағамдарымен өз деңгейлерінде қамтуға дайын болуына тәжірибе болып табылады.
Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан шара ертең де таңғы 10:00 мен 22:00 аралығында жалғаспақ.