Шымкентте 28 пәтер ұрлығына қатысы бар күдікті ұсталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте полицейлер жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында қала аумағында болған пәтер ұрлықтарына қатысы бар күдіктіні ұстады. Қолға түскен Сарыағаш ауданының тұрғыны 28 рет үйлерді тонаған деп айыпталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Белгілі болғандай, сезікті жергілікті тұрғындардың үйіне пластикалық терезелерін бұзу арқылы кіріп жүрген. Одан соң жәбірленушілердің ақшасын, алтын бұйымдары, ұялы телефондары, теледидар мен бағалы заттарын қолды етіп келіпті. Ал, ұрланған заттарды сатып, өз қажеттілігіне жаратқан.

Қазіргі таңда тергеу барысында күдіктінің соңғы үш айда орын алған қылмыстық әрекеттері тексеріліп жатыр. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 4 миллион теңгеден астамды құраған. Айғақты заттар тәркіленіп алынды.

Аталған жайттар бойынша күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің 188-ші «Ұрлық» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Ол қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілуде.