Шымкентте 3 жасар бүлдіршін абайсызда бензин ішіп қойған

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте дәрігерлер бензин ішіп қойған қыз баланы аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ата-анасының қарауынсыз қалған бүлдіршін абайсызда улы сұйықтықты ішіп қойған. Осыдан кейін жедел жәрдем ауыр жағдайда жергілікті ауруханаға жеткізген. Бүлдіршіннің ішкі ағзасы қатты зақымданғанын байқаған мамандар оны шұғыл түрде Шымкент қаласындағы Гипербариттік оксигенация орталығына апарды.

«Бүлдіршіннің ішкі ағзасын қатты күйік шалғандықтан, дәрігерлер оны дереу жансақтау бөліміне жатқызып, назогастральді зонтпен асқазанын шайды. Балақайды аман алып қалу үшін дәрігерлер барын салып, екі күн бойы реанимациялық емдеу шараларын жүргізді. Нәтижесінде үш жасар қыз баланың жағдайы жақсарып, үшінші күні жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды» делінген қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Бір аптаға жуық уақыт ауруханада ем алып, жағдайы жақсарған бүлдіршін анасымен бірге үйіне шығарылды. Қазір үш жасар қыз жергілікті емханадағы дәрігерлердің бақылауына алынған.