Шымкентте 300-ден астам жас әскерге шақыру учаскесіне келмеген

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласы бойынша әскерге шақыру қағазын алған 300-ден астам жігіт медициналық комиссиядан өту үшін шақыру учаскелеріне келмеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, аймақтағы полиция қызметкерлері жоспарлы рейдтік шаралар өткізген. Атап айтқанда, қорғаныс істері жөніндегі басқарманың шақыртуына келмегендер мен әскерден жалтарғандарды іздестіру жүзеге асырылды. Нәтижесінде шақыру учаскесіне 6 азамат жеткізілді.

«Өткізілген рейдтік шаралар бойынша ата-аналар мен әскерге шақырылушылар тарапынан шағымдар түскен жоқ. Сонымен бірге көрсетілген мекенжайда тұрмайтын әскерге шақырылушыларға шақыру қағаздарын беру мәселесі әлі де өзекті. Оларды ата-аналары жасырады. Ал медициналық комиссия мен әскери қызметтен жалтару әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеледі», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желілерде шымкенттік құзырлы органдар өкілдерінің әскерге шақырылушыларды ұстап, әкетіп бара жатқаны туралы бейнежазба тараған болатын.