Шымкентте 300-ге жуық отбасы «Нұрлы жол» бағдарламасымен баспаналы болды

Фото: None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан тұрғын үйлердің иелеріне пәтер кілтін табыстады. Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 288 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



9 қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары 2016 жылы басталып, бүгінде ел игілігіне тапсырылуда. Облыс басшысы мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында елге беріліп жатқан тұрғын үйлер Елбасының халыққа деген қамқорлығының көрінісі екендігін атап өтті.

 

«Бүгін мемлекеттік бағдарлама бойынша 288 пәтер өз иесін тауып отыр. Биылғы жыл бүгінгі пәтер иелері үшін қуанышты сәттен басталғалы отыр. Сіздерді қоныстарыңызбен құттықтаймын, шаңырақтарыңыз бақыт пен қуанышқа, бала күлкісіне толсын», - деді өңір басшысы.

 

Мемлекеттік бағдарлама аясында баспаналы болған қала тұрғындары өз қуаныштарын жеткізіп, қоныс тойларын тойлады.

 

Айта кетерлігі, өткен жылы аумағы 625 мың шаршы метрді құрайтын жалпы саны 7 500-ге жуық пәтер берілген. Оның ішінде 3 мыңнан астам пәтер «Бәйтерек» АҚ арқылы берілген арендалы тұрғын үйлер болса, 2 285 пәтер жеке қаржыға сатып алынған баспаналар. Бұдан өзге, жас отбасыларға арналған және сатып алу құқығынсыз берілетін арендалы, сондай-ақ кредиттік тұрғын үйлер бойынша 2 161 пәтер берілген.

 

   

Соңғы жаңалықтар