Қалалық білім басқармасының мәліметінше, 959 бала үйде оқытылып жатыр. Ал, арнайы балабақшаларда 665 оқушы қамтылған. Жарымжан жасөспірімдердің өз деңгейінде білім алуы үшін мекемелерде арнайы пандустар орналастырылып, ішкі есіктер мен әжетханалар бейімдеуден өткізілген. Бұдан бөлек, қаладағы арнайы білім беретін «Сайрам көмекші мектебіне» 300 орындық қосымша құрылыс салу үшін мемлекеттік сараптама жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Мұндай оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару мен барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр.
Инклюзивті бағыт мұндай балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Мүмкіндігі шектеулі балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, оқушылардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатысуға мүмкіндік береді. Адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға қолғабыс етеді.