Атап айтқанда аудан әкімдіктерінде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында құжаттар қабылданып жатыр. Тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмекті дер кезінде жеткізу үшін мамандар барынша жұмыс істеп, қабылдау орындарына 150 адамға дейін жұмылдырылып отыр. Олар сәуір айы басталғалы 14 мыңнан астам тұрғыннан өтініш қабылдаған.
«Қала бойынша атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдірген отбасыларға сәуір айында қабылданған өтініштердің барлығы қамтылады. Сонымен қатар, сәуір айында өтініш тапсырғандардың құжаттары заң аясында қаралып, толық қамтылады»,- дейді қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова.
Салаға жауаптылар атаулы әлеуметтік көмекке бөлінген қаражаттың жеткілікті екенін айтады. Сондықтан да көмекке зәру тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ деп отыр. Айта кетейік, былтыр Шымкентте 10 мыңнан отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған. Биыл бұл жәрдемақыны алатындар саны едәуір артпақ.