Шымкентте 7 жасар баланы зорлау оқиғасы бойынша сот өтіп жатыр

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Түркістан облысы, Абай елді мекеніндегі 7 жасар баланы зорлау оқиғасы  бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Қоғамды дүрліктірген процесс Шымкенттегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жабық есік жағдайында өтіп жатқан сот отырысы судья Самидин Теміралиевтың төрағалығымен қаралып отыр. Іс алқа билердің қатысуымен өтетін болып шешілді. Бүгін оларды іріктеу барысы өтті. Айта кетерлігі, алқа билердің де, жалпы іске қатысушылардың да  аты-жөндері барынша құпия сақталуда.

«Сотталушы заңның 121 бабы 4-ші бөлігімен айыпталуда. Сотталушының өтінімхаты бойынша, сотқа ақылдастар алқасы қатыстырылуда", - деді судья Самидин Темірәлиев.

Судьяның айтуынша, келесі сот отырысы қазан айының орта тұсында өткізіледі.

Еске салайық, осы жылдың наурыз айында Абай ауылының тұрғыны 7 жасар немересін жоғары сынып оқушылары күштеп бірнеше рет зорлағанын жеткізген. Бұл оқиға жұрттың жағасын ұстатты. ҚР Бас Прокуратурасының тарапынан 8 ай көлемінде тергеу шаралары жүргізіліп, бірнеше сараптамалар жасалды. Нәтижесінде төрт жасөспірім күдікке ілінді. Олардың  біреуі ғана 14 жасқа толғандықтан сот алдында жауапкершілікке тартылып отыр. Қалған жасөспірімдердің ісі жас мөлшеріне байланысты қысқартылған еді.