Шымкентте 8 баласы бар отбасы апатты үйде тұрып жатыр

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте 8 баласы бар отбасы ескі лашықта тұрып жатыр. Қам кірпіштен салынған баспананың қабырғалары құлаудың аз-ақ алдында тұр. Көпбалалы ана Құрбанкүл Қойбағарованың сөзінше жанұя осы жерді 14 жылдан бері паналап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Шымкенттегі Қошқарата өзенінің жағалауында қам кірпіштен салынған ескі үйлер көп. Алайда оның үшінен үй деуге аузың бармайтын мына баспанаға көзіміз түсті. Онда кім тұратынын білмек болып барғанымызда алдымыздан үй иесі шығып қалды. Өзін Құрбанкүл Қойбағаровамын деп таныстырған жан 8 баланың анасы екенін айтты. Жасы 44-те екен. Перзенттерінің ең кішісі 4 жаста. «Отағасы «Қырғы» базарда аула сыпырады. Бала-шағамызбен сол жерді тазалап, өлместің күнін кешіп отырмыз», - дейді көпбалалы ана. Небәрі екі сотық жерге салынған лашық үй бүгінде құлауға шақ қалған. Қабырғалары сөгіліп тұр. Соған қарамастан отбасының 10 мүшесі шағын бөлмеде қысылып-қымтырылып тұрып жатыр.
«Жылда соғып аламыз ба дейміз, оған еш шамамыз келмей жатыр. Оның үстіне бұл жерге үй салуға рұқсат бермейді. Сонымен отырмыз енді. Сыртынан қарағанда қорқынышты, былтыр жан-жағын құлаттық. Амал жоқ, тұрып жатырмыз осында», -дейді Құрбанкүл Қойбағарова.

Кезінде басында баспанасы жоқ отбасы осы үйді сатып алғанда бір қуанған. Алайда перзенттері көбейген сайын шағын бөлмеге сыймай барады екен.
«Жаман болса да баспана ғой деп мүлікті заңдастыру кезінде өзімізге рәсімдеп алғанбыз. Ал енді пәтер кезегіне тұрайын десек, үйің бар деп тұрғызбайды. Қанша рет бардым, нәтиже шықпады. Баспанаңыз бар деп жәрдемақы да тағайындамады», - дейді көпбалалы ана.
Сала мамандарының сөзінше бұл үйлер тұруға жарамсыз. Әрі қалада мұндай үйлер өте көп. Басым бөлігінің іргетасы жоқ. Жауын-шашынды күндері паналау өте қауіпті.
«Бұл жерде ешқандай техникалық талаптарға сай келмейді. Мәселен, 8 соттық жер бір үйге тиесілі болса, бұл жерде сегіз соттық үйге 4 немесе 5 үйден кірістіріп салынған. Кейін заңдастырып алған. Үйлердің іргетасы да жоқ. Оның үстіне қам кірпіштен салынған», - дейді Шымкент қаласына қарасты Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Босымбаев.
Қауіпті болуына қарамастан Құрбанкүл Қойбағарова ескі баспанасында тұруға мәжбүр. Оның «Шаңырақ» бағдарламасы ертерек іске асса, жаңа пәтерге қол жеткіземін деген үміті де жоқ емес.