Сот барысында анықталғаны, бірнеше құрылыс дүкендерінің қожайынына 2009 жылы жасалған қылмыс бойынша үш баппен айып тағылған. Яғни, тоғыз жыл бұрын полицияның кезекші бөліміне қаладағы сауналардың бірінде екі әйелді бір ер адамның ұрып-соғып жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына барған екі полицей күтпеген жерден қарсылыққа тап болады. Күзетшілер екеуінің қолдарынан қайырып, қожайыны ауыздарына арақ құйған.
Сотта бір куәгер осы оқиғаның басы-қасында болғанын, сол көріністі бастан-аяқ көргенін жеткізді. Оның сөзінше, полицейлерге қол көтергенімен қоймай сауна қожайыны оларды ұрлық қылмысын жасады деп көрсеткісі келген. Яғни, ішкі істер қызметкерлерінің «Нива» көлігіне кафельдер салып, басқа жол патрульдік полиция тобын шақыртқан.
Оның не себепті бұл қылмыс туралы арада жылдар салып барып айту себебі «досымның өзі сол кезде-ақ мәселені ушықтармай шешемін» деген сөзі себеп болды деп түсіндірді.
Десе де куәгердің бұл сөздеріне іске қатысып отырған прокурор да, қорғаушы да сенбейтінін мәлімдеді. Өйткені куәгер мен айыпталушының арасында қарыз дауы болып, қарым-қатынастары бұзылып кеткен болатын.
16:25, 06 Ақпан 2018
Шымкентте 9 жыл бұрын жасалған қылмысқа қатысты сот отырысы өтуде
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте 9 жыл бұрын жасалған қылмысқа қатысты сот отырысы өтуде. Еңбекші аудандық сотында қаралып жатқан процесте жергілікті кәсіпкер екі полицейдің заңсыз бостандығын шектеп, ұрып-соққаны бойынша айыпталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.