Шымкентте 900 оқушыға арналған мектеп ашылмақ
Ғимараттың сынып кабинеттері заманауи жабдықтармен жасақталған. Оқушылар мен ұстаздар білім ордасының салтанатты түрде тапсырылуын асыға күтіп жүр. Шыдамы жетпегендерді мектеп директорының өзі ертіп, жеке-жеке таныстырды.
№54 мектепте 1 300 оқушы бар. Олар бұған дейін 350 орынды, ыңғайластырылған білім ордасында оқып келген. Сабақтары үш ауысымда өтіп, тар бөлмені паналаған. Енді бұл ыңғайсыздықтар артта қалатын күн жақын. Оқушылар үш қабатты зәулім нысанда сапалы білім алып, үлкен көрсеткіштерге жетуді мақсат етеді.
Былтыр басталған мектеп құрылысына облыстық бюджеттен 840 млн теңге бөлінген. Бүгінде жаңа ғимарат толықтай пайдалануға дайын. Жылу мәселесі де оқу жылының басына дейін шешімін табады.
Сонымен қатар жаңа білім ошағында 56 бейне бақылау құралы орнатылған. Бұл жоба оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатына іске асып отыр. Бақылау пультін мектеп күзеті қадағалайтын болады.