Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, шаһар басшысы барша ұстаздар мен шәкірттерді Білім күнімен және жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
«Бүгінгі мектептің ашылу салтанаты Білім күнінде өтіп отыр. Жаңа мектеп жаңаша жұмыс жасайды, нағыз білім ордасы болады деген ойдамыз. Орта білім беру деңгейінде жаңартылған мазмұнға көшу жұмыстары жалғасуда. Жаңа оқу жылынан бастап 3,6,8-сыныптар жаңартылған мазмұндағы бағдарламамен оқи бастайды, 5 және 7-сыныптарда «Өлкетану» курсы биыл алғаш рет енгізіліп отыр»,-деді әкім.
Заман талабына сай жабдықталып, балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасайтын 900 орындық типтік оқу орны 3 қабаттан тұрады.
Екі ауысымда жұмыс жүргізетін мектепте 40 оқу бөлмесі қарастырылған. Бұдан басқа, жаңа үлгідегі 2 мультимедиа-лингофон кабинеті, 4 информатика кабинеті (13 орындық) 71 дана компьютер және 2 интерактивті тақтамен жабдықталған. Сондай-ақ, 2 шеберхана бөлмесі, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған спорт зал мен балалардың денсаулығын қадағалайтын медпункт қарастырылған.
Айта кетейік, биылғы жаңа оқу жылында Шымкент қаласындағы 133 мектеп 178 297 оқушыны қабылдаса, оның ішінде 22 мың бала бірінші сыныпқа қадам басты.