Шымкентте әкімдерден алаяқтықпен ақша жинаған бұрынғы футболшы сотталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте аудан әкімдері мен мекеме басшыларынан алаяқтықпен аса ірі көлемде ақша жинаған бұрынғы футболшы сотталды. Әл-Фараби аудандық соты «Ордабасының» бұрынғы ойыншысын 3 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Сот отырысы кезінде Елдар Бақтығалиевтің 11 адамды алдағаны және жәбірленушілерден 1,5 млн теңгеге дейін ақша алғаны толығымен дәлелін тапқан. Облыстық соттың мәліметінше, айыпталушы Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Шардара, Отырар және Созақ аудандары әкімдері мен «Ордабасы» ФК президентінің, «Орталық су спорты кешені» мен «Қыран» футбол клубы, сондай-ақ Шәмші Қалдаяқов атындағы Облыстық филармония директорларының қабылдау бөлімдеріне хабарласқан. Сөйтіп  өзін облыстық әкімдіктің қызметкерімін деп, қайырымдылық мақсатта  1 млн теңгеден аса қаражат сұраған. Әкімдер мен мекеме басшыларының сеніміне кіріп, ақшаларды банк карточкаларына аудартып алыпты. Кейіннен сұрастыра келе аудан басшылары оның алаяқ екенін біліп қалып, құзырлы органдарға арызданған. Кейіннен бұрынғы футболшының үстінен Қылмыстық кодекстің 190 бабы 2-3 бөлігі 1-2 тармақтары («Алаяқтық») және 24 бабының 3 бөлігі («Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу») бойынша іс қозғалған болатын.  Сот талқылау кезінде ол өз кінәсін мойындап, тіпті жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемін ішінара төледі. Соған қарамастан сот Қарағанды облысының тумасына жазасын темір торда өтеу туралы үкім кесті. Енді футболшы үш жыл өмірін орта дәрежедегі түзеу мекемесінде өтейтін болады.