Шымкентте аққұтан пайда болды
13:43, 10 Қаңтар 2017
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте аққұтан пайда болды. Жайық өзені мен Балқаш, Алакөл көлдерін мекен ететін құс қаланың ішіне ұшып келгенін көрген жұрт аң-таң болып жүр, дейді ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
«Аққұтан Шымкент қаласының қақ ортасынан ағып өтетін Қошқар ата өзеніне келіп қонған. Қазір, адамдар берген түрлі тағаммен қоректеніп жүр. Соған қарағанда, ол өз үйірінен адасып қалуы әбден мүмкін»,-дейді жергілікті тұрғындар.
Жалпы, аққұтанның салмағы 1,5 келі, қанатының ұзындығы 40-45 см болады. Қимылы баяу, үн шығармайды. Олар топтасып тіршілік етеді, ұя салар кезінде қамыстың арасында шағын топ немесе жеке-жеке жұп құрады. Аққұтан балықпен, көлбақалармен, көкқасқа шегірткемен қоректенеді.
Алмас Сұлтан