Шымкентте алғаш рет электрондық коммерция орталығы ашылады
Меморандум аясында қаланың алғашқы электрондық коммерция орталығы ашылады. Бұл жұмыстар Шымкент қаласы әкімдігінің 2019-2021 жылдарға арналған жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарының негізінде атқарылып отыр.
Бұл жоспарда электрондық коммерцияны дамытуға ерекше назар аударылған. Мысалы, әзірленген қолдау шараларының бірі - Қазақстан мен Өзбекстан бойынша Шымкент интернет-дүкендерінің тауарларын жеткізуге жұмсалатын шығындарды өтеу. Тауарларды «Қазпошта» АҚ жеткізеді. Сонымен қатар, бір терезе қағидасы бойынша бизнес үшін бірыңғай қызмет супермаркетін ашу қарастырылған.
Құрылған «Бизнес-супермаркет» аумағында «Қазпошта» АҚ-мен бірлескен электрондық коммерция орталығы құрылады. Бұл - Шымкенттегі ең алғашқы осындай орталық. Онда е-commerce саласында алғашқы қадамын жасайтын кәсіпкерлер қайтарымсыз негізде оқытудан өтеді және меншікті сауда интернет-алаңдарын әзірлеуде, халықаралық сауданы жүзеге асыруда әдістемелік көмек ала алады.
Көрсетілген қолдау шаралары Шымкент қаласының ғана емес, бүкіл оңтүстік өңірінің электрондық коммерциясын дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.