Шымкентте «Арай-2017» байқауының ақтық сыны өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында «Арай-2017» жас эстрада әншілері және мәдени іс-шара жүргізушілері байқауының ақтық кезеңі өтпек.  Кіл мықтыларды анықтайтын дәстүрлі байқау  облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен 21-ші рет өткізілгелі отыр. Бұл туралы ОҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Байқаудың мақсаты - Оңтүстік өңірінен шыққан жас дарындарды іріктеп, олардың таланттарын  шыңдау. Жаңаша  үлгідегі эстрада әндерін өмірге әкелумен қатар оларды дәріптеуге серпін беретін «Арай» байқауына талпынған үміткерлер саны да жылдан жылға артып келеді.  Быртырғы жылы байқауға қатысуға 293 үміткер өтініш білдірсе, биыл 512 үміткер іріктеу кезеңінен өтіпті.

Республикаға аты мәлім байқаудың ақтық сынында қазылық жасау  қазақ эстрадасының жұлдызы әнші, жерлесіміз Шахизада Байтпатшановаға сеніп тапсырылыпты. 

«Арай -2017» байқауының маңыздылығы ерекше. Мұнда Оңтүстік өңірінен іріктеліп алынған талант иелері бақ сынайды. Қазылық жасау маған сеніп тапсырылғандықтан нағыз дарынды, нағыз талантқа ғана қолдау білдіремін. Өнер сайысында нағыз таланттыға тұсау жоқ»,- дейді Шахизада Байпатшанова. 

Биылғы байқаудың басты ерекшелігі -  облыстағы әрбір аудан, қалаға  халықаралық, республикалық, облыстық өнер байқауларының лауреаттары мен үздік мәдениет майталмандары арнайы іс-сапармен жіберіліп үміткерлерді өз аймақтарында алғашқы іріктеуден өткізді.

 «Екінші айналымда - 127 қатысушы  бақ сынады. Тәлімгерлер-іріктеуден өткізген аудан үміткеріне жетекшілік жұмыстарын жүргізді.   Ақтық сында - 36 үміткер өнер көрсететін болады. Оның 24-і әншілік, 12-сі жүргізушілік шеберліктерін паш етуі тиіс»,- дейді облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Нұрлан Әділханов.

Байқау ережесіне сәйкес ақтық сында қатысушылар патриоттық әндермен қатар, елімізге танымал сазгерлердің әндерін орындап, эстрада әлеміндегі жаңа қырларын танытуға тырысады. Ал, мәдени іс-шара жүргізушілеріне сахна мәдениеті мен шеберлігі, сөзге шешендігі мен тапқырлығы және шараны жүргізуге шынайы бейімділігі сынды талап жүктеліп отыр.

Айта кетейік,   жыл сайын дәстүрге айналған «Арай» байқауы  қаншама жастарды өнер аспанына жұлдыз етіп , болашақтарына жол ашып келеді. Байқаудан елімізге танымал өнер жұлдыздары А.Жорабаева,  Б.Исаев, В.Ступин, М.Садуақасова, А.Жүнісбеков сынды дарындар түлеп ұшқан.