Шымкентте ауа райының қолайсыздығынан бағдаршамдар сөніп, көлік қозғалысы қиындады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте ауа райының қолайсыздығынан бағдаршамдар сөніп қалған. Түндегі қатты жел мен нөсер жауыннан көлік қозғалысын реттегіш құралдардың басым бөлігі істемей тұр. Қаланың Жергілікті полиция бастығы Данияр Мейрханның сөзінше, 13 көше қиылысындағы қозғалысты тәртіп сақшылары реттеуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Ал, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев қазір қанша бағдаршамның істен шыққанын анықтап жатырмыз дейді.

 

Тұрғындар әлеуметтік желілерде Орталық Тәуке хан даңғылы мен Бәйдібек би, Рысқұлов пен Өтегенов, Иляев пен Мангелдин көшелерінде көліктер бағдаршамсыз жүріп жатқанын жарыса жазуда. Біреулер халық абдырап, көліктер жол ережелерін бұзып жүріп жатқанын айтып көрсеткен.

Жаңбырдан көшелер де суға толып, қолайсыздықтар туғызып отыр.

Бұл ретте Жергілікті полиция басқармасының бастығы Бәйдібек би даңғылындағы көлік қозғалысы үш сағатқа тоқтатылатынын хабарлады. Себебі, Төлеметов көшесі суға толып, онда су сору жұмыстары жүргізілмек.  Әзірге жол Төлеметов көшесінен Бәйдібек би ескерткішіне дейін жабылатыны ескертілді. Сондықтан жүргізушілер басқа жолдармен жүріп өтуі қажет.