28 қаңтарда Қаратау ауданы полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру барысында жолда туындаған жанжалда автобус жүргізушісін ұрған адамды ізін суытпай анықтап, ұстады.
Полиция қызметкерлері анықтағандай, «Volkswagen Golf» маркалы автокөлік пен «Кіа Comby» маркалы автобустың жүргізушілері өзара жолды бөлісе алмай, салдарынан жанжал туындаған. «Volkswagen Golf» автокөлігінің жолаушысы автобус жүргізушісінің бетінен бірнеше рет соққылап, жеңіл көлік жүргізушісі мен жолаушылары оқиға орнынан асығыс кетіп қалған. Жәбірленуші болған жағдайды тез арада полицияға хабарлаған.
Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Сараптама тағайындалған.
Ұсталған азамат жергілікті тұрғын болып шықты. Әрекеттің онша ауыр еместігін есепке ала отырып, ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.
Шымкент қаласының полицейлері қала тұрғындары мен қонақтарын жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға, жол қозғалысының қатысушыларын құрметтеуге шақырады.