Шымкентте азық-түлік бағасын өсіргендерге ескерту жасалды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте азық-түлік бағасын өсірушілерге ескерту жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте қаласындағы азық-түлік бағасын негізсіз көтерген дүкен иелеріне жазбаша ескерту берілді.

Олардың ішінде аула ішіндегі дүкендермен бірге «Имран» сауда үйі де бар.

Мамандардың айтуынша, бағаны негізсіз жоғарылату қайталанса, ендігі жерде айыппұл салынады.

«Әл-Фараби ауданы аумағындағы ірі сауда орындары мен үй алдындағы азық-түлік дүкендерін аралап, бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторинг жүргізді. Оның нәтижесінде, бірнеше тауардың бағасы белгіленген он бес пайыздан аса үстеме қойылып сатылып жатқаны анықталып, кәсіпкерлік нысан иелеріне «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 204-4 бабына сәйкес ескерту берілді» - дейді Әл-Фараби ауданы әкімінің баспасөз қызметі Гүлшат Қанат.

Сондай-ақ, әкімдік қызметкерлері арнайы сенім телефонын жариялады.

Тұрғындар қала аумағындағы дүкендерде тауар бағаларының қымбаттағанын байқаса 24-75-41 сенім телефонына хабарласа алады.