Шымкентте бассейнге су толтырып жатқан ер адам мен 9 жасар қызды тоқ соғып, мерт болды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Шымкентте электр тоғын дұрыс пайдаланбаудың соңы қайғылы жағдайға әкеп соқты. Тұрғын үйлердің бірінде бассейнге су толтыру кезінде ер адам  мен 9 жасар қыз  тоқ соғып көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қайғылы жағдай 26 шілде күні Сайрам тұрғын үй алабына қарасты Базарқақпа елді мекенінде орын алған.

«Юсупов көшесіндегі жеке тұрғын үйдің аумағында электр сорғыны пайдалану кезінде 1963 жылғы ер азамат және 2009 жылы туылған қыз бала тоққа түсіп, оқиға орнында қаза тапқаны туралы хабарлама келіп түскен. Қайғылы оқиға электр сорғымен бассейінді сумен толтырған кезде болған. Электр тоғын абайсыз пайдалану Шымкент қаласы аумағында екінші рет ауыр қазаға соқтырып отыр», делінген хабарламада.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері тұрғындарға тағы да ескерту жасады.

«Электр тоғының иісі жоқ, түсі болмайды, дыбыс шығармайды және сезілмейді. Ол туралы жай ғана білу немесе аса абай болу керек. Электр тоғы ұрған кезде зардап шеккеннің өзіне көмек көрсету қабілеттілігі жоқтығынан қауіп ұлғаяды. Дені сау, мықты адамдар науқас және әлсіз адамдарға қарағанда жақсы төтеп бере алады, бұл ретте зақымдану деңгейі көбінесе адамның хал-жағдайымен анықталады. Тер, сезгіштік немесе шаршау ағзаның төзімділігін төмендетеді.

Тоқ ұрған адамды байқаған кезінде оны тез арада тоқ көзінен оқшаулау қажет, алайда бұны ашық қолмен жасауға болмайды, электр тоғын өткізбейтін қандай - да бір затты, мысалы, арқан, тығыз матаны пайдалануға болады», делінген хабарламада.