«19 мамырда Қаратау аудандық полиция басқармасының 102 пультіне үш кішкентай баланың автокөліктің жүк салғышында тұншыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына бірден полиция қызметкерлері шықты. Анықталғанындай, ата-анасы үйде болмаған. Балалар жүк салғышқа кіріп, қақпағын жауып алады. Содан кейін қайта шыға алмай тұншығып қалыпты. Екеуі оқиға орнында қайтыс болды, ал үшінші бала бүгін реанимацияда көз жұмды», - деп хабарлады Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Көршілерінің айтуынша, көлік ескіріп, аулада тұрған. Ағайынды үшеудің екеуі - ұл, біреуі - қыз. Екі бала мектеп жасында болған.
ПД баспасөз қызметі аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын мәлім етті. Оқиғаның барлық мән-жайлары анықталады.
Еске салсақ, Қызылордада абайсызда арыққа құлап кеткен сәби көз жұмды. Ал, Атырауда кәріз құдығына құлаған 11 жасар бала ауруханаға жеткізілді.