Шымкентте биыл 6 спорт нысаны пайдалануға беріледі

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте биыл 6 спорт нысаны пайдалануға беріледі. Оның ішінде екеуі бюджет есебінен салынса, қалғанына кәсіпкерлер демеушілік етуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сайрам тұрғын үй алабындағы №12 спорт мектебінің қосымша корпусының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Мұнда спорттың 12 түрі үшін жаттығу процесін ұйымдастыруға мүмкіндік артады. Нысан бір мезгілде 160 спортшыны қабылдай алады.

«Қазір 868 оқушы спорт мектебінде жаттығу жасап жүр. Келем деушілер көп, бірақ барлығын қабылдауға мүмкіншілігіміз жоқ. Сондықтан ренжіп кететіндер де бар. Қосымша корпус біткен соң, үйірмелер санын көбейтеміз деп жоспарлап отырмыз», - дейді спорт мектебінің директоры Хассан Маккамбаев.

Шымқалада қайқа құру жұмыстарынан өтіп жатқан «Металлург» стадионы да қараша айында ел игілігіне пайдалануға берілмек. Мұнда командалық ойындарға арналған спортзалдар, 62 орынға арналған спортшылар үйі, 1504 орынға арналған жанкүйерлер орыны, командалық киім ауыстыру бөлмелері және заманауи стадион орналасатын болады. Сондай-ақ, тренажерлер алаңшасы мен спорттық ойындар алаңшалары орнатылады.

Мұнан бөлек демеушілер есебінен 4 нысанның құрылысы жүруде. Олардың ішінде үстел теннисіне арналған орталық, жаңа ипподром және «Turan ГХА» спорт нысаны мен «sport life» футбол алаңы бар.

«Бозарық шағын ауданында жаңа атшабардың құрылысы жүріп жатыр. Жалпы аумағы 39 гектар. Көлемі ескі ипподромнан екі есе үлкен. Онда ат спортына арналған арнайы алаңдар болады. Баршасы заманауи стилде салынады. Жанкүйерлерге арналған 1500 орын жасалуда. Нысан қыркүйек айында қолданысқа беріледі», - дейді Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ерсек Дәрменов.

Жалпы қалада бұқаралық спортты дамыту үшін биыл 54 спорт алаңшасының құрылысы салынады. Оның 25-і Абай ауданында, 9-ы Әл-Фараби ауданында, 10-ны Еңбекші ауданында салынса, тағы 10-ны Қаратау ауданында.