Шымкентте бокстан халықаралық чемионат басталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте бокстан халықаралық чемионат басталды. «Біз есірткіге қарсымыз!» деген ұранмен ұйымдастырылған байрақты бәсекеге еліміздің бірнеше облысы мен көрші өзбек елінің былғары қолғап шеберлері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жас спортшылар бәсекесінің ашылу барысында еліміздегі  спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сөз болып, боксты насихаттау үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар жайы айтылды. Жыл сайынғы дәстүрлі түрде өтетін жарыста биылғы жылы  300-ге тарта  спортшы бағын сынады. Жастарды бұқаралық спортқа баулып, жаман әдеттен аулақ болуға шақыру мақсатында ұйымдастырылған сайысқа  24 пен 58 келі арасындағы салмақ дәрежесіндегі жасөспірімдер сынға түсті. Кілең мықтылар бас қосқан додада спортшылардың жоғары деңгейдегі дайындықпен келгені байқалды. Қаңтардың 26-сына дейін жалғасатын жарыста қатысушылар жеңісті қолдан бермеуге тырысып бағуда.  Көрші елден келген былғары қолғап шеберлері  да жүлдеге мол үміт артып, жарысқа белсене араласты.

«Мен Өзбекстан мемлекетінен келдім. Бұл сайысқа  қатысшуы үшін бір жыл дайындығымды сарп еттім. Бірінші кезеңде шымкенттік боксшымен жұдырықтастым. Ойын басталған алғашқы минутта-ақ қарсыласымды нокаутқа түсірідм. Енді осы турнирде жеңіске жетемін деп үміттенем», - дейді өзбекстандық спортшы Абдуләзиз Әбдухамитов.