Шымкентте болған жол апатынан үш адам қаза тапты

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте бүгін үш адам жол апатынан қаза тапты. Қайғылы аяқталған жол апаты Шымкент - Ленгір тасжолында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Белгілі болғандай, ВАЗ-2107 жеңіл көлігі HOWO-мен соғысып қалған. Жол апатынан жарақат алған тағы екі адам ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Қалалық жедел жәрдем ауруханасының дәрігерлері екі жолаушыны да аман алып қалу үшін ем-дом жасауда.

Аталған аурухананың қабылдау бөлімінің меңгерушісі Сәбит Байбосыныовтың айтуынша, екі науқас та ер азаматтар. Біреуі 30, екіншісі 27 жаста. Екеуінің де жағдайы ауыр деп бағаланып, жансақтау бөліміне жатқызылған.

«Науқастардың ішкі органдарына ауыр зақым келген, ес-түссіз жатыр. 30 жастағы науқастың ішінен қан кетіп, бас сүйегіне зақым келген, миы шайқалған. Бауыры жыртылған. Екінші науқас та ауыр жарақаттанған. Ол көліктің алдыңғы терезесінен шығып кеткендіктен бетінің көп жері тілінген. Бас сүйегі жарылған миы шайқалған»,- дейді Сәбит Байбосынов.

Өңірдің ІІД қызметкерлері жол апатынан оқиғасының себеп салдары мен кінәлі тұлғаларды анықтауда. Әзірге департаменттің баспасөз қызметі оған қатысты қандай да бір мәлімет таратпады.