Шымкентте босанған әйел комаға түсті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте босанған әйелдің ес-түзсіз күйге түсуіне байланысты арнайы комиссия құрылды. Бірнеше мамандардан құрылған комиссия мүшелері тиісті тексеру шараларын жүргізуге кірісті. Бұл туралы Облыстық денсаулық сақтау басқармасының  баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма мамандарының сөзінше, қазір науқас әйел Облыстық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде емделіп жатыр. 

«Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев келіншекті перинаталдық орталықтан жансақтау бөліміне ауыстырып, бақылауда ұстап отыр. Оның қан қысымы көтеріліп кеткен. Қазір барлық емдеу шаралары көрсетілуде»,  делінген хабарламада.

Ал, жаңадан өмірге келген сәбидің денсаулығын мамандар жақсы деп отыр. Айта кетейік, науқас әйел №1 облыстық перинаталдық орталықта босанған болатын. Алғашында оның денсаулығы қалыпты болып, кейіннен күрт нашарлап кеткен еді.