Шымкентте бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылу деңгейі 95 пайызға жеткен

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылу деңгейі 95 пайызға жеткен. Бүгінде 76 мыңнан аса бала 501 мектепке дейінгі мекемеде тәрбиеленіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, мемлекеттік бағдарламаға сәйкес ағымдағы жылы 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен 100% қамту үшін мемлекеттік тапсырыспен қосымша 3 463 орынға балаларды орналастыруға 657 млн 738 мың теңге бөлінген. Сондай-ақ, жан басына қаржыландыру нормативіне сәйкес 1 балаға бөлінетін қаржы көлемін 27 502 теңгеге көтеру үшін 2 млрд 322 млн теңге қаржыға республикалық бюджетке сұраныс берілген.

Бұдан бөлек, шаһарда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған жекеменшік «Асыл бала» арнаулы балабақша-мектеп кешені іске қосылды. Балабақша ерекше білім беру қажет ететін балаларды бейімдеу, Халықаралық «UCMAS» (УСИМАС) ментальді арифметика әдістемесін үйрету бағытындағы жұмыстарды атқарады. Бүгінгі таңда аталған балабақшада 40 бала тәрбиеленуде.

Сондай-ақ, мемлекеттік балабақшалардың 45%-да немесе 36 балабақшада мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиеленушілердің тілдік, танымдық, шығармашылық құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталған арнайы интеллектуалды-дамытушы ойын кешенімен жабдықталған «Интеллектум» кабинеттері ашылған.