Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама кезекші бөлімге кешкі сағат 17:17-лер шамасында түскен. Өртенген «Орда» ЖШС-не тиесілі ғимарат болып шықты. Оқиға орнына жеткен төтенше жағдайлар қызметкерлері 3 қабатты ғимараттың шатыры өртеніп жатқанын анықтаған. Жалын артынша автопарктің қасынан салынған екі қабатты ғимараттың шатырына өткен.
«Өрт сөндірушілердің жедел жұмыстарының арқасында жалын 18:56- да ауыздықталып, 19:34-те толық сөндірілген. Жалын шарпыған аумақтың көлемі 1925 шаршы метрді құраған. Тілсіз жаудан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда өрттің шығу себептері мен келтірілген шығын көлемі анықталуда» делінген хабарламада.