Шымкентте Дүйсенкүл Бопованың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының және Шымкент қаласының Құрметті азаматы, белгілі еңбек ардагері Дүйсенкүл Бопованың құрметіне өзі тұрған шаһарда Тыныбаев (№30/9) көшесінде ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінен.

Игілікті шараға облыс, қала әкімдігінің басшылары, бірге еңбек еткен қызметтес әріптестері, туған-туыстары және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ерлан Садыр елге еңбегі сіңген ардагер қайраткердің сіңірген еңбегіне тоқталды.

«Дүйсенкүл Бопықызының есімі, оның жарқын бейнесі жүрегімізден терең орын алады. Ол ұзақ жылдар бойы өңіріміздің оқу-ағарту саласында, басшылық қызметтерде абыройлы еңбек етіп, елдің құрметіне бөленді. Бар қажыр-қайратын елдің дамуына жұмсаған ардагердің өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа зор үлгі болып қала береді», - деді Е.Садыр.

Көпшілік алдында Дүйсенкүл Бопықызы туралы жүрекжарды ойларын білдірген белгілі ақын, ОҚО саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры Ханбибі Есенқарақызы ардагер қайраткерді әділдіктің, шындықтың символы болған еді деп өз бағасын берді.

«Ол кісі көзден кетсе де, көңілден кетпейді. Дүйсенкүл апамыз соңынан ерген қазақ қыздарына шамшырақ болып, тәрбиесін беріп, үнемі жанашырлық танытып жүретін. Ол шын мәнінде қазақ қыздарының үлгі бола білді», - деді ақын.

Бұдан соң Дүйсенкүл Бопова жайында естеліктер айтылды. Облыстың құрметті азаматы Әбдуәлі Жақсыбаев ұлтымыздың қадірлі қызы туралы тағылымды ойларын айта келе, белгілі тұлғаға арнап Шымкент қаласында бір көшенің аты берілсе деген ұсынысын жеткізді.

Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлібек Өмірәлиев, профессор, ғалым Әмір Мұсақұлов ардагер қайраткердің адамгершілігі мен кісілік келбеті туралы ұзақ әңгімеледі. Сондай-ақ ардагердің туған-туыстарының атынан сөз сөйлеген Айтжан Бекназаров шараға қатысқан жұртшылыққа ризалығын білдірді.