Шымкентте егде жастағы кәсіпкер әйелді өлтірген күдікті ұсталды

ШЫМКЕНТ. 5 шілде. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері адам өлтіру қылмысына қатысы бар күдіктіні қолға түсірді. Егде жастағы кәсіпкер әйелді 9 ай бұрын өлтірген қылмыскер Өзбекстан Республикасының аумағында тығылып жүрген,

деп хабарлады ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.

 Қылмыс 2011 жылғы 8 қарашада жасалған. Таңетең қалалық дәмханалардың бірінің иесі, егде жастағы (63 жастағы) кәсіпкер әйелдің мәйіті табылды. Полиция қызметкерлері оқиға орнына келіп, қарау барысында пәтер иесінің өлімі мойын тұсынан, көкірек және іш тұсынан шаншылып-кесіліп алған жарақаттарының салдарынан болғанын анықтады. Пәтерді қарау кезінде, криминалистер пәтердің есігінің бұзылып ашылмағанын анықтады. Жәбірленушінің туыстары мен әріптестерінің айтуы бойынша, үйден алтын бұйымдар, ұялы телефондар және бір топ кілттер жоғалғаны анықталды. Және де дәмханадағы кассадан ақша жоғалған.

 «Арада 9 ай өткеннен соң, жедел-іздестіру іс-шараларының кезінде, полиция қызметкерлері, қазақстан-ресей шекарасынан өту кезінде, Орал қаласында адам өліміне қатысы бар деген күдікпен бұрын сотты болған, еш жерде жұмыс істемейтін Өзбекстан Республикасының 22 жасар ер азаматын қолға түсірді», - деді ІІД-нің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.

 Тергеу жүргізу барысында анықталғандай, оқиға болған күні сағат таңғы 6 шамасында, күдікті, бұрын жәбірленушінің дәмханасында бірге жұмыс жасаған өзінің Өзбекстан Республикасының азаматы 26 жасар туысымен, қарақшылық шабуыл жасау мақсатында, алдын ала сөз байласып, пәтердің қасында күткен. «Әйел пәтерінің кіреберіс есігін ашқан уақытта, қапелімде үйіне баса-көктеп кіріп, жәбірленушінің бетіне бірнеше рет ұрып, біреуі әйелдің мойнынан және қолынан ұстап, ал екіншісі асхана пышағымен бірнеше рет дене жарақатын салған, соңында жәбірленушінің оқиға орнында көз жұмғаны анықталды», - деді С. Қаракөзова.

 Үйінен ақша таба алмаған соң, оның алтын бұйымдарын (сақина, сырғаларын), 3 ұялы телефонын, кілттерін алып кеткен. Содан соң, күдіктілер жәбірленушінің дәмханасына қарай бет алып, кілтпен есігін ашып, 200 мың теңге ақшасын алған. Қылмыстық қудалаудан жалтару үшін, күдіктілер Өзбекстан Республикасының аумағына жасырынған. Айғақты зат ретінде, асхана пышағы және ұялы телефондар алынды.

 Осы жәйтке қатысты «Адам өлтіру» және «Қарақшылық» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауда. Полиция қызметкерлерімен осы қылмысқа қатысы бар сыбайласын ұстау шаралары жүргізілуде.