Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, мегаполисте инфекцияның тез таралуына жол бермеу мақсатында әкімшілік тарапынан бірнеше маңызды шара қабылданған. Жұқпалы аурулар ауруханасында коронавирусқа арналған төсек-орын 300-ден 450-ге көбейтіліп, 320 төсек-орындық провизорлық стационар мен 1 416 карантиндік орын ашылған.
«Covid-19 жұқтырған азаматтарды уақытылы анықтау мақсатында лабораториялық тестен өткізу шаралары күшейтілді. Қаладағы Ұлттық зерттеу орталығының филиалынан бөлек, қосымша 3 лаборатория ашылды. Нәтижесінде күніне тестілеу қуаты 300-ден 500-ге жеткізілді. Сонымен қатар, жаңадан 2 зертхана ашылып, тестілеуді 3 есеге дейін ұлғайтамыз. Сәуір-мамыр айларында жоспарлы тестілеуден өтетін 23 мың адамның 19 845-і, яғни 86% ПТР тестілеуден өткізілді»,-деді әкім.
Айта кетейік, қалада індетпен күресу мақсатында 30 мыңнан астам медицина маманы мен полиция және әскери қызметкер жұмылдырылған. 25 мамырдағы жағдай бойынша қалада коронавирус жұқтырған азаматтар саны 606-ға жеткен. Оның ішінде 218 науқас емделіп шықса, 6 адам қайтыс болған.
«Қалада 18-24 мамыр аралығында күніне орташа 31-50 адамнан тіркелді. Ал өткен тәулікте жүргізілген лабораториялық зерттеу 36 жаңа жағдайды анықтады. Тәуліктегі өсім - 6,3%. Covid-19 вирусының 22-сі - сырттан келгендер болса, 359 адам науқастармен қарым-қатынаста болған. Ал, 225-і жергілікті жерден шыққан. Қалада 260 карантиндік ошақ тіркелген. Бүгінгі күні 132–сі бақылауда»,-деді Мұрат Әйтенов.
Соңғы күндердегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты санитарлық тексеру күшейтіліп, 4 136 нысанда мониторинг жүргізілген. Тексеру қорытындысымен 127 әкімшілік шара қолданылған.